Шақыру

XII Халықаралық Беремжанов съезі

Құрметті әріптестер!

Сіздерді 2024 жылғы 4-6 желтоқсан аралығында Алматы қаласында өтетін XII Халықаралық химия және химиялық технология бойынша Беремжанов съезінің жұмысына қатысуға шақырамыз.

Беремжанов Батырбек Ахметұлы — Қазақстандағы химия білімінің және ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Профессор Беремжанов Б.А.-ның ғылыми еңбектері мен жаңалықтары отандық ғылымға үлкен үлес қосты, ал оның педагогикалық қызметі көптеген химиктер ұрпағын тәрбиелеуге ықпал етті. Дәстүрлі түрде Беремжанов съездері 1996 жылдан бастап Қазақстанның әртүрлі ғылыми-білім беру орталықтарында 4–5 жылда бір рет өткізіліп келеді және олар іргелі және қолданбалы химия саласындағы халықаралық ғылыми форум болып табылады. Съезд тақырыбы химия және химиялық технологияның, химия білімінің негізгі бағыттарын қамтиды. Съезд аясында әлемдік және отандық химия ғылымының соңғы жетістіктері, соның ішінде жаңа бейорганикалық және органикалық материалдар (оның ішінде наноматериалдар мен нанотехнологиялар), электрохимиялық энергетика, баламалы энергия көздері және өсімдік шикізатынан алынатын отын, химиялық процестерді зерттеу мен заттарды талдауға арналған жаңа әдістер мен құралдар, сондай-ақ басқа да көптеген бағыттар талқыланатын болады.

Алдағы съезд бағдарламасына ғылым мен өнеркәсіптің бизнес-пен өзара әрекеттесу мәселелерін енгізу жоспарлануда. XII Халықаралық Беремжанов съезіне қазақстандық және шетелдік ғалымдар қатысады деп күтілуде. Химиялық өнімдер мен материалдар, соның ішінде фармацевтикалық препараттар өндіретін компаниялардың (өз қызметінің нәтижелері мен өнімдерін таныстыра отырып) қатысуы жоспарланған.

Сіздерді Съезд қатысушылары және іскер серіктестер ретінде көргенімізге қуаныштымыз.

XII Халықаралық Беремжанов съезінің Ұйымдастыру комитеті